Конференция барысында оралдықтар Алматыдағы Ұлттық кітапханамен, аудандық кітапханалармен, Сырым Датұлы туралы жазылған «Тар кезең» романының авторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазір Астанада тұратын Қажығали Мұхамбетқалиевпен тікелей байланысқа шығып, ұлы дала көсемі туралы айтып, өз ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті.
БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов осылайша бастау алған Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған шаралардың жыл бойы жалғасатынын жеткізсе, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин ұлы тұлғаның өмірі мен азаттық жолындағы күресіне, шешендік мұрасының мол екендігіне тоқталды.
Бүгіннен бастап Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған мерейтойлық арнайы логотипке байқау жарияланды. Бір ай бойы өтетін байқауға еліміздегі суретшілердің кез келгені қатыса алады. Сырым ауданындағы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, логотиптегі бейне үш түстен аспауы керек. Байқау 12 ақпанда қорытындыланып, бір ғана жеңімпаз анықталады.
Айта кетейік, биыл сондай-ақ «Алаш» қозғалысының 100 жылдығы, Алашорда көсемдерінің бірі Жаһанша Досмұмахедовтің 130 жылдығы кеңінен аталып өтілмекші.