ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында табиғи газдан уланған 14 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 24 ақпан күні Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылында болды.
Сағат 03.40-та Бірлік көшесі 7-мекенжайынан 9 адам жедел жәрдеммен Жаңақала аудандық ауруханасына жеткізілді. Олардың бесеуі – балалар. Олардың біреуі үш және екі жаста, екеуі бір жаста, сондай-ақ жаңа туған сәби де бар.
Сондай-ақ сағат 05.40-та Бірлік көшесі 23-мекенжайынан 5 адам ауруханаға апарылды. Олардың төртеуі – 9, 7, 3 жасар балалар. Біреуі 1 жасқа толмаған.
Бәрі де жеңіл дәрежеде газбен уланған болып шықты. Кезекші дәрігер қарағаннан кейін амбулаторлық ем алуға жіберілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 24 елді мекен электр жарығынсыз қалғанын жазған болатынбыз.
Өңірде кешеден бері боран соғып тұр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).