БҚО-да табылған медициналық қалдықтардың жай-жапсары белгілі болды

ОРАЛ. KAZINFORM — Бұдан бұрын хабарланғанындай, Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылдық округіндегі қоқыс полигонынан медициналық қалдықтар табылған болатын.

Фото: БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен

БҚО санитариялық-бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның мәлім еткеніндей, қалдықтар анықталған аумақ полиция қызметкерлерінің күзетуіне алынды. 

Оның сөзіне қарағанда, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары экология департаментінің өкілдерімен бірлесіп топырақ сынамаларын алып, микробиологиялық көрсеткіштерге (коли-титр және Clostridium perfringens) және санитариялық-химиялық көрсеткіштерге (рН және нитраттар) зертханалық зерттеулер жүргізуге жолдады. Зертханалық зерттеулердің алдын ала нәтижелері 3-7 күн ішінде шықпақшы.

- Қалдықтар анықталған жерде және оған іргелес аумақта құрамында хлор бар препараттарды қолдана отырып дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша қалдықтардың салмағы – 144 килограмм. Мұндай қалдықтар муфельдік пеште өртелуі тиіс. Оларды қоқыс алаңы немесе қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында көмуге тыйым салынған, - деді Г.Кереева.

Фото: БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен

Заңнаманы бұзғандарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабына (санитариялық-гигиеналық талаптарды бұзу) сәйкес айыппұл қарастырылған.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, мемлекеттік сатып алу порталында жүргізілген ашық конкурс қорытындысына сәйкес «Кемел» ЖК медициналық қалдықтарды тасымалдап, муфельдік пеште жоюды міндетіне алған. 

БҚО бойынша экология департаментінен түскен мәліметке қарағанда, жүргізілген бастапқы зерделеу жұмыстарының нәтижесінде медициналық қалдықтарды аталған полигон аумағына «Кемел» ЖК-ның заңсыз әкелгені анықталды.

Топырақ сынамаларына сәйкес зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша қоршаған ортаға келтірілген ықтимал залалдың деңгейі айқындалатын болады.

Сонымен қатар аталған дерек бойынша экология департаменті тарапынан жоспардан тыс тексеру жүргізу мәселесі қарастырылып, қазіргі уақытта тексеруді бастау бағытында тиісті ұйымдастыру және дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті әкімшілік және өзге де шаралар қабылданады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауылдағы қоқыс полигонынан медициналық қалдықтар табылғанын жазған едік.