ОРАЛ. KAZINFORM - Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Қамысты ауылдық округі аумағында белгісіз ұшқышсыз ұшатын аппараттың бөлшектері табылды.
Жәнібек ауданы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 26 наурыз күні аудан орталығынан 55 шақырым қашықтықта болды.
Шамамен сағат 10.30-да аппарат бөлшектері табылғаны жөнінде хабарлама түскен.
- Оқиға орнына аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімінің жедел тергеу және қоршау тобы, төтенше жағдайлар бөлімі, жергілікті атқарушы билік және аудандық шекара басқармасының өкілдері барды. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі Жәнібек ауданында ұшқышсыз ұшатын аппараттың бөлшектеріне ұқсас заттың табылуына байланысты тексеру жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Бұған дейін осындай оқиғалар Бөкей ордасы ауданы Ұялы, Тасқала ауданы Атамекен және Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылы маңында болған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ұшқышсыз ұшатын аппараттың бөлшектері табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).