ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында браконьер 30 дана киік мүйізімен ұсталды. Бұл туралы аудандық полиция бөлімінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
12 мамыр күні аудандық полиция бөлімінің бастығы Ренат Дегенбаевтың қатысуымен жүргізілген жедел іздестіру шарасы барысында Қазталов ауылына қарасты далалық жерден күдік тудырған «Toyota Land Cruiser» автокөлігі тоқтатылған.
Автокөлік жүргізушісі оқиға орнынан бой тасалап үлгерген. Жүргізушімен бірге болған азамат қолға түсіп, оның Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылының тұрғыны екені анықталды. Одан автокөлікпен қоса 30 дана киік мүйізі, бір аңшылық қару және оқ-дәрілер тәркіленді.
Оқиға орнында ұсталған күдіктіге қатысты ҚР ҚК 337-бабы 4-бөлігі 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық тұрғынның 366 дана киік мүйізімен қолға түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).