ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Ақжайық ауданы Есенсай ауылында қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Есенсай орта мектебінің 11-сынып оқушысы, 1999 жылғы қыз бала сағат 09.30 шамасында өз үйінің ауласында асылып қалған. БҚО ІІД жергілікті полиция қызметі ювенальдық полиция бөлімінің басшысы Руслан Ғалиевтің айтуынша, марқұм ештеңе жазып, қалдырмаған. Толық отбасында тәрбиеленген қыз мектепте жақсы оқыған.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын, 23 қыркүйек күні Жаңақала ауданы Жаңажол ауылдық округінде Айдархан орта мектебінің 7-сыныбында оқыған 12 жасар ұл бала және 21 қазан күні Оралда №39 орта мектепте білім алған 2001 жылғы 15 жасар қыз осылайша өз өмірін қиған болатын. Ал тоғыз айда облыс көлемінде жасөспірімдер арасында осындай 10 дерек тіркелген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).