ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қардың көптігінен тағы бір тұрғын үйдің төбесі құлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, оқиға кеше Тасқала ауданы орталығында болды.
Тасқала ауылында Абай көшесі, 21-мекенжайында 6 пәтерлік, бір қабатты тұрғын үйдің шатырының бір бөлігі құлаған. Оның аумағы 72 шаршы метрді құрады.
Зардап шеккендер жоқ.
Биылғы қыста облыста осындай 12 дерек тіркелсе, соның жетеуі Орал қаласында орын алды.
Сонымен қатар Теректі ауданы Подстепный ауылы Геология көшесі 60-мекенжайында 9 пәтерлік тұрғын үйдің төбесі сондай жағдайға ұшырады. Ал Тасқала ауданында бұдан бұрын екі үйдің шатыры бүлінген болатын. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғын үй мен балабақшаның төбесі құлағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ өңірде 800-ден астам адам қар құрсауынан құтқарылды.
Бүгін ауа райының бұзылатыны жөнінде ескерту жарияланып, құтқарушылар бес айлық сәбиді ауруханаға жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).