ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тағы бір тұрғынның құлдықта ұсталғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков мәлім еткендей, оқиға «Стоп трафик» жедел алдын алу шарасы барысында белгілі болған.
Сырым ауданында шаруа қожалығының басшысы биылғы мамыр мен қыркүйек аралығында қыстақтардың бірінде 57 жастағы тұрғынды өз еркінен тыс, заңсыз ұстаған. Атап айтқанда, малын бақтырған.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 126-бабына (бас бостандығынан заңсыз айыру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қожалық басшысының 3 адамды құлдықта ұстап, малын бақтырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).