ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Ақжайық ауданы Көнеккеткен ауылы маңындағы Қарасуға 1998 жылғы жасөспірім суға кетті.
Облыстық судан құтқару қызметінің үгіт-насихат жөніндегі бас маманы Азамат Әбілғазиевтің айтуынша, мектеп бітіруші түлектер мұғалімдерімен бірге соңғы қоңырау салтанатынан кейін өзен жағасына демалуға барған. Сол жерде суға шомылуды ұйғарған жасөспірім батып кеткен. Оның денесін жергілікті тұрғындар судан шығарып алды. Ата-анасы ешқандай талап-тілектерінің жоқтығын айтып, марқұмның мүрдесін сот-медициналық сараптамаға берген жоқ.
Еске сала кетейік, осыған дейін мамыр айында алты адам суға кетсе, соның төртеуі - бала. Соның ішінде 23 мамыр күні үш оқушы ажал құшқан болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).