ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тағы бір жолды су басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖД баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, кеше сағат 16:35-те Қаратөбе ауданында аудандық маңызы бар Қаратөбе-Қарақамыс жолының 3-шақырымында қатты еріген қар суы жолдың үстіне шығып кеткен. Судың ені 20 метр, тереңдігі 20-30 см болған.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде 40 қызметкер мен 5 техниканың көмегімен инертті материалдары бар 1800 қап төселген.
Бұл жолдан басқа айналма жол да бар, ол жақын елді мекендермен қарым-қатынасты үзбеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде аталған жолға кезекшілік қойылған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 28 наурыз күні Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округі аумағында облыстық маңызы бар жолдың үстіне су шығып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).