ОРАЛ. ҚазАқпарат - 5 қараша күні сағат шамамен 03.00-де БҚО жергілікті полиция қызметі табиғат қорғау бөлімі қызметкерлері «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторларымен бірлесіп жүргізген рейд барысында Бөкей ордасында заңсыз киік аулағаны үшін үш адам ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға орнынан мүйізі кесілген үш киіктің ұшасы, 12 дана мүйіз және тіркелмеген аңшы мылтығы табылып, тәркіленген.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 337-бабына сәйкес (заңсыз аңшылық) қылмыстық іс қозғалып, жедел тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 27 қазан күні сағат 04.00-де Жаңақала ауданы Мәштексай ауылы маңында 1986 жылғы Н. мен 1987 жылғы С. деген азаматтар «Нива» автокөлігімен қолға түскен болатын. Олардан үш киік текесінің басы (мүйіздерімен), 16 калибрлі қос ұңғылы аңшы мылтығы, 26 дана оқ-дәрі және пышақ тәркіленді. Сондай-ақ 2 қараша күні сағат шамамен 03.10-да Көшім өзеніндегі «Рубеж» бақылау бекетінде 1982 жылғы М. деген азамат айдап келе жатқан «Лада-Калина» ныспылы автокөлігінің салонынан жаңадан кесіліп, қапқа салынған 80 дана киік мүйізі табылған еді.
Бұл оқиғалардың үшеуі де түнгі 03.00 пен 00.04 шамасында орын алып отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).