ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, 5 ақпан күні БҚО-ның кей жерлерінде қар жауып, бұрқасын көтеріледі, оңтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Орал қаласында да қар жауып, боран соғуы мүмкін, желдің жылдамдығы секундына 18 метрге дейін жетеді.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялады. Тұрғындар арасында төтенше жағдайларға жол бермеу, өмірлік маңызы зор нысандар, электр және байланыс жүйелерінің іркіліссіз жұмыс жасауы бағытында тиісті шаралар алынуда. ТЖ-ға қарсы тұратын күш-құрал дайындалып, басшылық құрамның тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын өңірде 2-3 ақпан күндері ауа райының бұзылатыны, яғни қар жауып, боран соғатыны жөнінде алдын ала ескерту жарияланған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).