ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 22 қаңтардағы үкімімен А.Корнев ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Аталмыш сот төрағасы Қайрат Шалқаровтың айтуынша, сот талқысында анықталғанындай, Зеленов ауданы Рубежин ауылында тұратын Александр Корнев өткен жылдың 3 қазаны күні таңертеңгілік сағат 09.00-де Д.Бажиннің үйіне келіп, онымен және Н.Кутубаевпен бірге спирттік ішімдік ішкен.
Сағат 13.30 шамасында үйге Е.Третьякова келіп, Д.Бажинмен бірге тұратын Р.Кинжееваға қосылып, арақ ішкен. Содан кейін спирттік ішімдік біткен соң, А.Корнев пен Е.Третьякова арақ ішуді жалғастыру үшін әйелдің үйіне келеді. Ішімдік ішу барысында екеуінің арасында келіспеушілік пайда болып, ақыры А.Корнев мас күйінде әйелді бауыздап өлтірген.
Сот үкімімен А.Корнев 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесінің түзету мекемесінде өтеуге сотталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).