БҚО-да тауар бағасын асырып сатқан 140-тан астам кәсіпкерге айыппұл салынды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес 141 кәсіпкерлік нысаны жауапкершілікке тартылды.

Фото: ҚР ІІМ

БҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың мәлім еткеніндей, олардың бәріне де сауда үстемесін асырып жібергені үшін айыппұл салынды.

Эльмира Нұрқызының сөзіне қарағанда, биылғы қаңтар айында 31 позицияға дейін кеңейтілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне сары май (тұздалмаған, майлылығы 72,5 пайыздан 80 пайызға дейін, толтырғыштарсыз және өсімдік майларынсыз) да енгізілген.

Оның айтуынша, Заңға сәйкес ішкі сауда субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының құнын өндірушінің босату немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15 пайыздан асырмай белгілейді. Бұл талап қаланың сауда желілеріне шарттық қатынастар негізінде тауар жеткізетін бизнес субъектілеріне де қолданылады.

Алайда тауар жеткізушілердің барлығы бірдей бұл талапты сақтамайды. Айталық, департамент бір компанияның сауда желілеріне аталған сары майды сауда үстемесінің мөлшерін асыра отырып жеткізгенін анықтады. Жеткізуші сауда үстемесін 20-дан 30 пайызға дейін асырып жіберген.

- Осы дерек бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, соның нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабы бойынша кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынды. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектісіне бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, - деді Э.Қиматова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда баспанасы өртенген тұрғын компаниядан 13 млн астам теңге өндіргенін жазған едік.