ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тарту» жобасы аясында аудандар суретшілері мен қолөнер шеберлерінің көрмесі қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қадыр орталығынан түскен мәліметке қарағанда, жыл басынан бері әр ауданнан үздік жұмыстар көрмесі ұйымдастырылған болатын. Ай сайын әрбір аудандағы мектептен тыс жұмыс, балалар шығармашылығы орталықтарының шәкірттері өз туындыларын жұртшылық назарына ұсынды.
Бұл жолы әр аудан және қала суретшілерінің жұмыстарынан үздіктері таңдалып алынып, айтулы мереке қарсаңында көрмеге қойылды.
Шарадан сырт қалмай, өз еңбектерін ұсынған аудан және қала суретшілері мен қолөнер шеберлеріне облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының, сонымен қатар Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының (төрағасы Қайыр Оразғалиев) атынан алғысхаттар табысталды. Үздік шыққан туындылардың авторларына сыйлықтар берілді. Сондай-ақ әрбір көрменің ашылуы жайында жарыса хабар беріп, жаңалық жаршысы болған бұқаралық ақпарат құралдары ұжымдары да марапатталды.
Шара соңында Қадыр орталығының директоры Бауыржан Халиолла жиналғандарды Тәуелсіздіктің торқалы тойымен құттықтап, көрмені ұйымдастыруға атсалысқандардың бәріне алғысын білдірді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).