БҚО-да Тәуелсіздік күніне арналған республикалық пікірсайыс турнирі басталды

Бүгін Орал қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне арналған студенттер мен магистранттар арасындағы Республикалық пікірсайыс турнирі басталды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: БҚО әкімдігі

Аталмыш сайыстың салтанатты ашылуына қатысқан Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева турнир қатысушыларына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері мен Батыс Қазақстан облысының ерекшеліктерін тілге тиек етті. 

Фото: БҚО әкімдігі

Пікірсайыс турнирі елімізге белгілі, беделі жоғары оқу орындарының бірі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде өтіп жатыр. Аталмыш турнирдің негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында еліміздің жеткен жетістіктерін насихаттау және мемлекеттік маңызы бар мәселелерді талқылау және оларды шешу бағытында тың идеяларды тудыруға мүмкіндік жасау. 

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, турнир ұйымдастырушыларынң бірі Мерген Сүлейменов жоғарғы оқу орны турнирінің өтетін орны мен өзге аймақтан келген қатысушыларды тұратын орынмен қамтамасыз етуге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. 

Фото: БҚО әкімдігі

Пікірсайыс «Британдық парламенттік формат», «Американдық парламенттік формат», «Линкольн – Дуглас» форматтарының ережелері бойынша қазақ тілінде өткізіледі. Екі күнге созылатын Республикалық пікірсайыс турниріне Орал қаласының пікірсайысшыларынан бөлек Астана, Түскістан, Қостанай, Ақтау, Талдықорған, Жетісай, Атырау, Ақтөбе қалаларынан келген 32 команда қатысып жатыр. 

Фото: БҚО әкімдігі

Бұл іс-шарадан бөлек пікірсайысқа қатысушылар арасында спорттық жарыстар өткізу де жоспарланып отыр. Турнир жеңімпаздары 3 желтоқсан күні анықталып, диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.