БҚО-да тексерілген өнімдердің 25 пайыздан астамы талапқа сай келмеді
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші тоқсанда өнімдерден 133 сынама алынып, лабораториялық зерттеулер жүргізілді.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованың мәлім еткеніндей, бұлардың 78-і немесе 76,3 пайызы – тағам өнімдері, 55-і (41,3 пайызы) – тамақ емес өнімдер.
Оның сөзіне қарағанда, «Ұлттық сараптама орталығы» РМК облыстық филиалы жүргізген сараптамалар нәтижесі бойынша 53 сынама немесе 25,7 пайызы техникалық регламенттер талаптарына сай болмай шықты. Басым көпшілігі таңбалануы бойынша сыннан өткен жоқ. Сондай-ақ физикалық-химиялық көрсеткіші бойынша 1 сынама техникалық регламентке сәйкес келген жоқ.
- Анықталған кемшіліктерге сәйкес белгіленген талаптарға сай келмеген өнімдер бойынша шаралар қабылданды. Атап айтқанда, аумақтық басқармалар тарапынан 25 сауда нысанына өнімді кері қайтарып алу түрінде жедел ден қою шараларын қолдану туралы қаулылар беріліп, оның орындалуы қадағаланды, - деді Д.Жаңабергенова.
Оның айтуынша тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мемлекеттік тіркеуден өтпеген биологиялық белсенді қоспаларды анықтау үшін мониторингілеу жұмысы тұрақты жүргізіледі.
Қазақстан аумағында сатылып жатқан барлық биоқоспалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өнімдерінің мемлекеттік тіркелгені туралы куәлігі болуы тиіс.
Сонымен қатар ауыз су сапасы да тұрақты бақылауда.
- Облыс бойынша санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 117 су сынамасы алынып, соның 6,1 пайызы талапқа сай болмады. Сол секілді микробиологиялық көрсеткіштерге алынған 1 090 сынаманың 2,1 пайызы сәйкес келмеді. Санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік көбіне құрғақ қалдыққа, хлоридке қатысты болды. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті мекемелерге ұсыныстар беріліп, орталықтандырылған сумен жабдықтау нысандарында жуып-шаю, дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді, - деді департамент басшысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тұмаумен ауырғандар саны 7,7 есеге өсіп кеткенін жазған болатынбыз.