ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына биылғы екі айда Қазақстан Республикасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі заңнамасының талаптарын бұзу бойынша 70 іс түсті.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұл өткен жылғыдан (26) анағұрлым көп болып отыр.
Осылайша, қаралатын істер санының айтарлықтай өсуі байқалады.
Биыл мас күйінде жол қозғалысы ережелерін бұзу санының көбеюіне байланысты жергілікті полиция қызметі алкоголь өнімін сатуды бақылау бойынша профилактикалық рейдтік іс-шара өткізді. Рейдтер кезінде тыйым салынған уақытта арақ-шарап сату, сондай-ақ сауда ережелерін бұзу фактілері анықталды.
Тексеру нәтижелері бойынша әкімшілік хаттамалар жасалып, сотқа жолданды.
- Сот 51 іс бойынша әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарды. Үшеуі бойынша іс жүргізу тоқтатылды. 50 жағдайда алкоголь саудасына лицензияларды тоқтата тұру шаралары қосымша қабылданды және 4 іс бойынша жеке қаулылар шығарылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сталкинг жасаған ер адамға айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).