БҚО-да төбелес кезінде 30 жастағы жігіт көз жұмды

Фото: Фото: pexels.com

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында адам өліміне соқтырған оқиға болды.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 30 наурыз күні Жаңақала ауылында екі ер адам сөзге келіп, соңы төбелеске ұласқан.

- Алған жарақаты салдарынан 30 жастағы жігіт оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп хабарлады ведомстводан.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, марқұм жедел жәрдем бригадасы жеткенше қайтыс болып кеткен.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, қанды оқиға дүкендердің бірінде болған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да аудан әкімдігіндегі төбелестен ауыр жарақат алған ер адамның палатаға шығарылғанын жазған едік.

Сондай-ақ Оралда жеңіл көлік қағып кеткен әйел көз жұмды.