БҚО-да төрт адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биылғы 2 маусым күні Орал-Ақсай жолы бойында қос бірдей «Фольксваген Шаран» автокөлігі бетпе-бет соқтығысып, соның салдарынан төрт адам қаза тауып, 10-ы түрлі жарақат алған еді. Осы оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс бас күдіктінің өліміне байланысты тоқтатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ІІД анықтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Максим Сыйқовтың мәлім еткеніндей, медициналық сараптама қорытындысына сәйкес екі жүргізуші де ішімдік ішпеген. Сонымен қатар автокөліктердің техникалық жай-күйі де тексерілді. Жол апатына техниканың сынуы емес, Оралдан Ақсайға кетіп бара жатқан А.Мұқаш деген жүргізушінің автокөлігімен қарсы бетке шығып кетуі себепкер болған. Оған қоса сол жердің ойығы да болмаған. Жүргізуші не қалғып кеткен, не басқа бір нәрсеге алаңдаған сыңайлы. Соның салдарынан өзімен бірге үш бірдей жолаушы көз жұмды. «Экипаж Батыс» ЖШС директорының міндетін атқарушы Т.Құрманғалиевтің және басқа жолаушы тасымалдайтын кәсіпорындардың берген дерегіне қарағанда, А.Мұқаш олардың ешқайсысында жұмыс жасамаған. Ал екінші жүргізуші Т.Мусин «Экипаж Батыс» ЖШС-мен келісімшартқа отырған.

Осылайша, тергеу қорытындысына сәйкес бас күдіктінің өліміне байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Қабылданған шешім жөнінде жәбірленушілерге хабар берілді. Олардың моральдық және материалдық залалды өндіру жөнінде сотқа талап-арыз беруге құқықтары бар.