ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында төрт бірдей ауылдың атауы өзгереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, облыстық мәслихаттың кезектен тыс 21-сессиясында депутаттар төрт елді мекенді қайта атау жөніндегі ұсынысты мақұлдады.
Атап айтқанда, Бөкей ордасы ауданындағы Жамбыл ауылы Жетібай болып өзінің байырғы атауын иеленбек. Сол секілді Тасқала ауданында Беленький Ақкүтір, Черная Падина Қараой, Ермольчев Еменжар болып қайта аталмақ.
«Облыс әкімдігі мен мәслихаттың біріккен қаулысы мен шешімі БҚО әділет департаментінде тіркелгеннен кейін заңды күшіне енеді», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Айгүл Әділгерейқызы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО депутаттарының Зеленов ауданының атауын өзгертуді қолдағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).