ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында төрт баласы үшін 300 мыңнан астам теңге алимент төлемеген тұрғын қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Тасқала ауданының тұрғыны төрт баласы үшін алиментті ұзақ уақыт бойы төлемеген.
Қордаланған қарызды өндіру туралы сот орындаушысының бірнеше рет жолдаған ескертпелеріне қарамастан, борышкер сот актісін орындамаған. Соның нәтижесінде биылғы 1 наурызға дейінгі алимент берешегі 318645 теңгеге жеткен.
Тасқала аудандық сотында құқық бұзушы кінәсін мойындап, тұрақты жұмысы болмағандықтан, сот актісін орындауға мүмкіндігі жоқ екендігін алға тартты.
Сот аталған тұрғынды ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 669-бабына сәйкес кінәлі деп танып, оны 3 тәулік мерзімге қамау туралы қаулы шығарды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).