ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың бұйрығымен самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Е.Байбатыров – самбодан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Әлем біріншілігінде төрт мәрте жеңімпаз атанған жалғыз қазақстандық балуан.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Ерболат Сағатұлы еңбек жолын 2009 жылы жекпе-жек спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде самбодан жаттықтырушы болып бастады.
2009-2013 жылдары ҚР ҰҚК Шекара қызметінде әскери борышын өтеді.
2013-2018 жылдары БҚО ішкі істер департаментінің қызметкері, сонымен қатар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясында самбодан спортшы-нұсқаушы міндетін атқарды.
2018 жылдан күні бүгінге дейін ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу-спорт жұмыстары жөніндегі орынбасары болды.
Зайыбы Әйгерім екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы.
Батыс Қазақстан. ҚазАқпарат.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).