БҚО-да «Тойота» жүк көлігімен соқтығысты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Тойота» автокөлігі мен жүк көлігі соқтығысып, бір адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың айтуынша, жол оқиғасы 8 наурыз күні сағат 18.15 шамасында Орал-Атырау күре жолы бойында Жаңабұлақ пен Чапаев ауылдарының аралығында болған. Абырой болғанда, адамдар аман. Аудандық ауруханаға жеткізілген «Тойота» автокөлігінде болған ер адамның қабырғасы сынған. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

«Қазіргі уақытта Орал-Атырау, Чапаев-Жалпақтал-Қазталов бағытындағы жолдар жабық. Күрделі ауа райына байланысты тұрғындар арасында төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында шаралар алынып, жұмыс тәртібі күшейтілді», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Ә.Жоламанов.