БҚО-да тұрғын үйде еденнің астынан жыландар шықты

Фото: ауыл тұрғындарынан

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ақжайық ауылында тұрғын үйде еденнің астынан жыландар шыққаны жөнінде бейнежазба тарады. 

Тұрғынның сөзіне қарағанда, оқиға 7 наурыз күні Желтоқсан көшесі 5-мекенжайда болды. Еденнің астынан шыққан жыландар саны 10-нан асып кеткен.

БҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растады.

— Құтқарушылар келгенге дейін үй тұрғыны еденнің астынан шыққан 16 жыланды өздігінен алған. Үйде 6 адам тұрса, соның төртеуі — балалар. Үй иесі еденді ашуға рұқсат берген жоқ. Жергілікті атқарушы орган отбасына уақытша басқа баспана берген, — деп хабарлады ведомстводан.

Теректі ауданы Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Қадыралиевтің нақтылауынша, қазіргі кезде аталған отбасы балаларымен бірге жылу және жарықпен қамтамасыз етілген үш қабатты жаңа үйдің бір бөлмесінде уақытша тұрып жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қалаға кіріп кеткен еліктің бейнежазбаға түсіп қалғанын жазған болатынбыз.