ОРАЛ. Батыс Қазақстан облысында тұрғын киік мүйіздерімен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 23 қыркүйек күні Жаңақала ауданында болды.
Аудандық полиция бөлімінің инспекторлары мен «Охотзоопром» РМҚК қызметкерлері жүргізген іс-шара барысында Жаңақазан ауылдық округіне қарасты Балдырған қыстағы маңында 1992 жылғы тұрғын тізгіндеген көлік тоқтатылды.
Тексеру кезінде автокөлік салонынан 17 дана киік мүйізі, тіркелмеген қос ұңғылы ИЖ маркілі аңшы қаруы, 16 калибрлі оқтар және ара, пышақ табылды.
Сондай-ақ қосымша тексеру барысында мүйізі кесілген 5 дана киік ұшасы тәркіленді.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 339-бабына сәйкес (өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).