ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тұрғын үйдегі өрт орнынан әйел адамның денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 22 қараша күні Бәйтерек ауданы Чиров ауылдық округі Балабанов ауылында болды.
Сағат 06.03-те Алматы көшесі 10-мекенжайында жеке тұрғын үйдің өртенгені жөнінде хабар түскен.
Жалпы ауданы 120 шаршы метрді құрайтын үйдің қабырғасы, төбесі жанып, сосын түгелдей отқа оранды.
Оқиға орнынан күйік шалған 72 жастағы үй иесі әйелдің мүрдесі табылды.
«Тілсіз жау» сағат 09.16-да оқшауланып, 09.30-да толық ауыздықталды.
Алдын ала болжам бойынша өрт электр сымдарының тұйықталуынан шыққан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бір түнде бірнеше адамның пышақ жарақатын алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).