ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тұрғын үйдегі өрттен ер адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
16 қазанға қараған түнгі сағат 02.00 шамасында Ақжайық ауданы Ақсуат ауылында қос пәтерлік үй өртенген.
Аудандық ТЖ бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, Октябрь көшесі бойындағы №1 тұрғын үйдің үш бөлмелі бір пәтері түгел жанып кеткен.
Оқиға орнынан сол пәтерде жалғыз тұрған 1972 жылғы ер адамның мүрдесі табылды.
Екінші пәтердің шатыры да жанған. №24 өртпен күрес бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына сағат 03.30-да жетіп, «тілсіз жау» 07.00-де ауыздықталған.
Айта кетейік, биылғы тоғыз айда өңірде өрттен 5 адам қаза тапты, бұл өткен жылғыдан 50 пайызға аз. Сондай-ақ 23 адам жарақат алды, бұл 2017 жылғыдан (13) 43,5 пайызға көп.
Өрт сөндіру кезінде 50 адам құтқарылып, 685 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Орал қаласында 15 қыркүйек - 15 қазан аралығында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізіліп, ТЖ қызметкерлері тұрғын үйлерге барып, алдын алу жұмыстарын жүргізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).