ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 11 адамды 9,2 млн теңгеге отырғызып кеткен алаяқ сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, С. есімді алаяқ 2017 жылдың мамыры мен биылғы жылдың маусымы аралығында қылмыстық іс-әрекетін жүзеге асырған.
Ол сыйақыға Ақсай қаласындағы шетелдік компанияларға жалақысы жоғары жұмысқа орналастыра алатынын айтып, азаматтарды алдаған. Мысалы, алаяқ баласын «КПО б.в.» компаниясының көлік бөліміне қызметке орналастырамын деп, М. есімді азаматшаның 1,4 млн теңгесін жымқырып кеткен.
Кейбір азаматтар оған ақша беру үшін банктен несие алған.
Бөрлі аудандық сотының үкімімен С. ҚР ҚК 190-бабына (алаяқтық) сәйкес айыпты деп танылып, оған пробациялық бақылау белгіленумен бірге 2 жылға бас бостандығы шектеліп, 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылды.
Жаза тағайындалған кезде оның шын өкінуі, залалды ішінара өтеуі және бұрын сотталмағандығыы ескерілді.
Жәбірленушілердің талап-арыздары толық қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).