ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО бойынша әдеп жөніндегі кеңес отырысында Бәйтерек ауданы Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиевтің тәртіптік ісі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеңес отырысында мәлім болғанындай, Б.Аманғалиевтің журналиспен сұхбат кезінде «Халықты несіне тыңдайсыңдар ? Халық қазір мал болып кетті ғой» деген сөзі әлеуметтік желіде тарап кеткен.
Осылайша, Б.Аманғалиев тұрғындарды малға теңеп, мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс кодексін бұзған. Дегенмен Бәйтерек ауданы әкімі аппараты берген қызметтік мінездемеде оның тәртіптік жазасы жоқ, сауатты маман, іскер басшы екендігі көрсетілген. Сондай-ақ тұрғындардан ауыл әкімін жақсы қырынан сипаттаған хат та түскен.
Б.Аманғалиев кеңес отырысында бұл жағдайдың өткен жылы 7 желтоқсанда орын алғандығын, Махамбет ауылының сол күні электр жарығынсыз, ал Горбунов пен Павлов елді мекендерінің газсыз қалғандығын айтты. Сондай қиын сәтте аңдаусыз айтып қалғанын, сол үшін тұрғындар алдында кешірім сұрағанын жеткізді.
«Тәртіптік істі қарау нәтижесінде Б.Аманғалиевке сөгіс беру туралы ұсыным Бәйтерек ауданы әкіміне жолданды», деп хабарлады әдеп жөніндегі кеңестен.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).