ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында бүгін 1133 түлек ҰБТ сынағын тапсырды.
БҚО білім басқармасы мектепке дейінгі және орта білімді дамыту бөлімінің бас маманы Жазира Көкенованың айтуынша, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Орал қаласы мен Зеленов ауданы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде облыс орталығына қоса Тасқала, Теректі ауданы, Ақсайдағы №4 орта мектепте Бөрлі, Шыңғырлау ауданы шәкірттері тестілеуден өтті.
Ертең Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек (мұнда Бөкей ордасы ауданы түлектері де тапсырады), Қазталов, Қаратөбе, Сырым аудандарынының тестілеу пункттерінде 1252 түлек сынақтан өтеді. 4 маусым күні Орал қаласында М.Өтемісов атындағы БҚМУ мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да қалған 755 жас тест тапсырады.
Облыс бойынша барлығы 3140 түлек (мектеп бітірушілердің 68,5 пайызы) ҰБТ-ға баратын болса, соның 235-і - «Алтын белгіден», 99-ы үздік аттестаттан үміткер.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).