ОРАЛ. ҚазАқпарат - 24 наурыз күні сағат 19.20-да Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылының тұрғыны өз үйінің ауласынан снаряд табылғаны жөнінде хабар берген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Ұлы Отан соғысынан қалған диаметрі 20 см, ұзындығы 67 см снаряд су құбырын тарту үшін жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде үйден 10 метр қашықтықтан шыққан.
Сол бойда қауіпсіздік шаралары алынып, снарядты залалсыздандыру үшін арнайы комиссия құрылды.
Айта кетейік, БҚО аумағында азамат және Ұлы Отан соғысынан қалған снарядтар бұған дейін де табылып келген болатын. Оның үстіне Сталинград майданына тиіп тұрғандықтан, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандары соғыс жағдайында деп жарияланып, бұл аумаққа талай бомба, снаряд түскені мәлім.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).