ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың және оларға қатысты тұрмыстық күш қолданудың алдын алу мақсатында облыс аумағында жүргізілген «Қолайсыз отбасы» жедел алдын алу шаралары барысында 33 отбасы анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, шараға жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, білім, денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты.
Үш күн ішінде ішкі істер органдарына әкімшілік құқықбұзушылыққа барған 100-ден астам жасөспірім жеткізілді. Жергілікті полиция қызметкерлері түнгі уақытта заңды өкілінің ілесуінсіз жүрген 70-тен астам «жүгермекті» ұстады. Оған қоса балаларын тәрбиелеуде міндетін дұрыс атқармаған 26 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).