ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында үш жасар баладан коронавирус табылып, балабақша карантинге жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Қаратөбе ауданында балабақшаға барып жүрген 3 жасар балаға жоспарлы ота алдында өткізілген медициналық тексеріс кезінде COVID-19 анықталған.
Үйінде және балабақшада қарым-қатынаста болған адамдардан сынама алынуда.
Аудандық бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес балабақша карантинге жабылды. Балабақшада қорытынды дезинфекция жүргізілді.
Облыста індеттің өсе түскені байқалады. Тек соңғы тәулікте 13 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болып, жалпы саны 7 037-ге жетті.
Еске сала кетейік, БҚО-да коронавируспен күресуге 12 млрд теңге бөлінген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).