ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов ауданы Ғ.Бегалиев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Нұрдәулет Айболатов «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құтқарушы күніне орай Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен салтанатты шарада марапатты Нұрдәулетке БҚО ТЖ департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев табыс етті.
Нұрдәулет Айболатов ата-анасымен Қошанкөл ауылында тұрады. Үйдегі үш ұлдың кенжесі. Нұрдәулет биылғы 5 мамырда тоғанға батып бара жатқан үш жасар баланы құтқарып қалған еді.
«Нұрдәулет сабақты үздік оқиды, спортпен айналысады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Қай жағынан да, құрбы-құрдастарына үлгі болып келеді. Анасы Гүлжан Сисенова осы мектепте мұғалім. Әкесі Асқар Аткешев - үй шаруасында, жеке жүк көлігі бар. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым отбасы», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ғали Бегалиев атындағы орта мектептің директоры Ернар Ілиясов.
Еске сала кетейік, БҚО-да оқушының үш жасар баланы құтқарып қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).