БҚО-да ұшақта сәбиді аман алып қалған дәрігер марапатталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында ұшақ бортында 1,6 жасар сәбидің өмірін сақтап қалған БҚО көпбейінді балалар ауруханасының неонанотолог-дәрігері Гүлсім Жұмағалиева марапатталды.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов Гүлсім Минахқызына ризашылығын білдіріп, алғысхат табыс етті.
«Кез келген өркениетті елдегі маңызды сала – медицина. Ал дәрігерлік – мамандықтың асылы, адам өмірінің арашашысы. Бұл салаға тек жүрек қалауымен ғана келеді. Сіз – денсаулық саласында еңбек ете жүріп, жұмыстан тыс уақытта да жоғары кәсіби біліктілігіңізбен қатар адамгершілік қасиетті ұштастыра білген жансыз. Өз міндетіңізге деген аса жауапкершілігіңіз жас мамандарға үлгі болары сөзсіз. Осы орайда, күні кеше ғана елімізге мәлім болған сіздің ерлік әрекетіңіз: Алматы – Орал бағытындағы ұшақ бортында жедел әрі батыл шешім қабылдап, кішкентай сәби өмірін аман алып қалғаныңыз үшін зор алғыс білдіреміз. Денсаулық сақтау басқармасы атынан деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, қызметіңізге табыс тілейміз», - деді басқарма басшысы.
Гүлсім Жұмағалиева сәби аса қиын жағдайда тап болған кезде өзіне көмектескен FlyArystan әуе кемесінің стюардессаларына да алғысын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын оралдық дәрігердің ұшақта жүрек соғысы тоқтап қалған сәбиді аман алып қалғанын жазған болатынбыз.