ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында үстіне теледидар құлаған 2 жасар қыз бала есін жиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, қазіргі кезде облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жатқан қыз жансақтау бөлімінен анасының қасына көшірілді.
«Екі жасар қыз баланың жағдайы әлі де ауыр, бірақ тұрақты. Дәрігерлер әзірге ота жасаудың қажеті жоқ деп отыр», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-дағы ауруханалардың бірінде сәбидің үстіне теледидар құлағанын жазған болатынбыз.
Оқиға Бәйтерек ауданы Переметный ауылындағы аудандық ауруханада болды.
Осында емделген қыз бала әкесі екеуі аталмыш ауруханаға анықтама алу үшін келгенде, үстіне теледидар құлап кетіп, оқыс оқиғаға душар болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).