ОРАЛ. 29 мамыр. ҚазАқпарат - БҚО денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Орал қалалық №4 емхана базасында «Үздік емделуші» республикалық байқауының ІІ туры мәреге жетті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, І тур бастапқы медициналық-санитарлық жәрдем деңгейінде 326 учаскені қамтыған болатын. Бұл ретте емделушінің өз денсаулығы үшін жауапкершілігі, барлық тексеруден, зерттеуден уақтылы өтуі, емді мезгілінде алуы, зиянды әдеттерден аулақ болуы есепке алынды.
Екінші турға барлығы 15 пациент қатысты. Оның қорытындысы бойынша Галина Щудро (№4 қалалық емхана) - бірінші, Әлия Достанова (Бөрлі аудандық ауруханасы) - екінші, Ирина Бисенова (№4 қалалық емхана) үшінші орынды еншіледі.
Облыстық байқау жеңімпазы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы республикалық денсаулықты дамыту орталығы өткізетін үшінші, қорытынды турға қатысады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).