ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында үздік учаскелік полиция инспекторы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Үздік учаскелік инспектор» байқауы тәртіп сақшыларының беделін көтеру және оларды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.
Байқаудың бірінші сатысында аумақтық бөлімшелерде үздіктер анықталды.
Финалдық сайысқа 13 учаскелік инспектор қатысып, олардың қызмет бабындағы нәтижелері ғана емес, адамгершілік және іскерлік қарым-қабілеттері ескерілді.
Инспекторлар атыс және дене дайындығынан, сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілерді білу деңгейінен сынға түсті.
Байқау қорытындысында Орал қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Талғат Өксімбаев жеңімпаз атанды.
Талғат Жұмагерейұлы ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыт бойы қызмет етеді. Енді ол шілде айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық байқауда бақ сынайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).