БҚО-да ұзындығы 349 шақырым газ құбыры апатты деп танылды

Фото: «Азиялық Газ құбыры» ЖШС

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында тозығы жеткен газ құбырларын қайта жаңарту бойынша бірнеше жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Қонысбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, соның бірі – 55 мыңға жуық тұрғыны бар 65 елді мекенге газ жеткізіп отырған Ростоши-Тайпақ жоғары қысымды газ құбыры.

Мұрат Кеңесұлының сөзіне қарағанда, аталған газ құбыры бүгінгі таңда апатты деп танылып отыр. Құбырдың жалпы ұзындығы – 349 шақырым.

- Тозығы жеткен құбырларды екі кезеңмен ауыстыру жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде 100 шақырым газ құбыры ауыстырылатын болады. Бұл мақсатқа биыл республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды. Жобалар қаржыландыру мәселесінің оң шешілуіне қарай жүзеге асырылатын болады, - деді М.Қонысбаев.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда өңірде газдандандыру саласына 1,5 млрд теңге бағытталып, 3,5 мыңнан астам тұрғыны бар 25 елді мекенге «көгілдір отын» жеткізілді. Күні бүгін облыс бойынша 336 елді мекен газбен толықтай қамтылған. Бұл жөнінен өңір көрсеткіші 99,8 пайызға жетті. Сонымен қатар Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала және Тасқала аудандарының алты елді мекенін 800 млн теңгеге газдандыру бойынша бірнеше жоба дайын. 

- Оған қоса Орал қаласында «Ақжайық» шағынауданы жаңадан бой көтеріп жатқаны белгілі. Осыны ескере отырып, қуаттылығы 150 мың текше метр автоматтандырылған газ тарату станциясын салу бойынша жоба жасақталды. Аталған жоба жаңа шағынаудандағы барлық әлеуметтік нысан, тұрғын үйлерді газбен үздіксіз қамтуға мүмкіндік береді, - деп қосты басқарма басшысының орынбасары.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автогаз құю станцияларында ұзын-сонар кезек тыйылмай тұрғанын жазған едік.