БҚО-да велосипедіне жалауша қондырып, Әнұранды шырқаған қос балақай көпшілікті тәнті етті

Фото: Фото: видеодан кадр

ОРАЛ. KAZINFORM – Қаратөбе ауданы орталығы Қаратөбе ауылында велосипедіне көк Туды қондырып алған алты жасар Ақылбекті көшеден жиі кездестіруге болады.

Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллиннің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, орталық алаңда ойнап жүрген балалардың бірі велосипедіне Мемлекеттік Ту бейнеленген жалаушаны қондырып алғанын көрген.

«Сол бойда велосипедтің кімдікі екендігін сұрастырдым. Сары домалақ сүйкімді балдырған «Менікі» деп жауап берді. Аты Ақылбек, жалауды велосипедіне әкесі қондырып берген болып шықты. Қасындағы баланың есімі Қуаныш екен. «Еліміздің Әнұранын білесіңдер ме?» деп едім, қолдарын жүрек тұсына қойып, шырқай жөнелді. Осы бейнежазбаны Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшама жүктеп едім, қос балақайдың тәтті қылығы көпшілікті сүйсіндірді. Патриот балаларға ризашылығын білдіріп, ақ тілегін жаудырғандар аз болған жоқ», - дейді Нұртас Сафуллин.

Алты жастағы Ақылбек Асқардың әкесі Асыланбек Төлеуғалиевтің айтуынша, ол зайыбы Ақзатпен бірге үш бала тәрбиелеп отыр екен. Қызы Айлина 8-сыныпты, үлкен ұлы Ақниет 5-сыныпты, Ақылбек 1-сыныпты бітірген.

«Қаратөбе» спорт клубы ауыр атлетика үйірмесінің тәрбиеленушісі Ақниет ауданымыздың, өңіріміздің намысын қорғап, балалар мен жасөспірімдер арасында халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда жүлдегер атанып жүр. Батыс Қазақстан облысы жасөспірімдер құрама командасының мүшесі, 1 дәрежелі спортшы. Балаларымның барлығы да өз елінің, өлкесінің патриоты болып өсіп келе жатыр. Бұл Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектебіндегі ұстаздары берген білімі мен тәрбиенің игі жемісі деп ойлаймын. Ақылбек ағасының спорттық жарыстарда топ жарған жүлделерін мақтан тұтып, еліміздің мемлекеттік рәміздерінің бірі – Туымызды велосипедіне тағып жүр. Жалпы, жалауды өзінің қалауы бойынша тағып беруді сұраған болатын. Ақылбек мектепте болатын сыныпаралық іс-шараларға белсене қатысады. Зайыбым Ақзат Қайдарқызы Есқалиева «Қаратөбе колледжі» МҚКК-де оқытушылық қызмет атқарады», - деді Асыланбек Асқарұлы.

Алты жасар Ақылбектің өзі Әнұранды мектепте мұғалімі Гүлжанат Мақсотқызының үйреткенін, қазақ тілі сабағын жақсы көретінін, болашақта футболшы болғысы келетінін айтты.

Ақылбекпен Әнұранды бірге шырқаған Қуаныш Құбай Мұхит мектебінің 3-сыныбын тәмамдаған.

«Балам мектепте сабағын жақсы оқиды. Елін сүйетін үлгілі ұл болып өсіп келе жатқанына қуаныштымыз. Әкесі Ришат Жұмағалиев екеуміздің көзқуанышымыз осы Қуаныш. Баламыз алдағы уақытта да тек қуанта берсе екен дейміз», -деді Қуаныштың анасы Бақытқаным Толғанбаева.