БҚО-да заңсыз киік аулағандар ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО ІІД жергілікті полиция қызметі табиғат қорғау полициясы бөлімінің қызметкерлері «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторларымен бірлесіп жүргізген рейд барысында қос тұрғын үш бірдей киіктің басымен қолға түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 27 қазан күні шамамен сағат 04.00-де Жаңақала ауданы Мәштексай ауылы маңында 1986 жылғы Н. мен 1987 жылғы С. деген азаматтар «Нива» автокөлігімен ұсталған. Олардан үш киік текесінің басы (мүйіздерімен), 16 калибрлі қос ұңғылы аңшы мылтығы, 26 дана оқ-дәрі және пышақ тәркіленді.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 337-бабына (заңсыз аң аулау) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.