ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында заңсыз киік аулаумен айналысқан екі қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, прокуратура органдарының үйлестіруімен аталған екі топтың 2019 жылдың қыркүйегі мен 2020 жылдың мамыры аралығында облыс аумағында заңсыз киік аулап, оның мүйізін өткізумен айналысқаны анықталды.
Қылмыстық жауапкершілікке 11 адам тартылуда.
Тергеу барысында 700 киік мүйізі, тіркелмеген 9 атыс қаруы, 328 оқ-дәрі, өтімділігі жоғары 7 автокөлік, 2 қаршана, 2 мотоцикл, басқа да құрал-жабдықтар тәркіленді.
Киікті жоюдың салдарынан экологияға 700 млн астам залал келтірілді.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 337-бабы (заңсыз аулау), 339-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (сирек кездесетін, жойылу қаупі төнген және тыйым салынған өсімдіктер немесе жануарлармен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу), 262-бабына (ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басшылық ету, сондай-ақ оған қатысу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).