ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО ішкі істер департаменті өңірдегі діни ахуалға мониторинг жүргізген кезде баптистердің заңсыз қызмет атқарғаны анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Аталмыш департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 5 ақпан күні Орал қаласы Көкшетау көшесі 5-мекенжай бойынша әділет органдарында тіркелмеген «Евангелие христиан баптистері» діни ұйымы өкілдерінің заңсыз жұмысы белгілі болды.
Аталған дерек бойынша ішкі істер департаменті қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 489-бабы 9-бөліміне сәйкес 8 әкімшілік іс қозғады. Соған сәйкес аталған діни ұйымға 50 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейінгі көлемде (113450 теңгеден 226900 теңгеге дейін) айыппұл салынуы мүмкін.
Сол секілді алдын алу шаралары барысында 26 ақпан күні Тасқала ауданы орталығы Тасқала ауылында Скоробогатов көшесі 61-мекенжайында тіркелмеген «Евангелие христиан баптистері» діни ұйымы екі өкілінің заңсыз діни қызмет атқарғаны әшкереленді. Аталған адамдарға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 489-бабы 10-бөліміне сәйкес әкімшілік іс қозғалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).