БҚО-да заңсыз сақталған қаруды сатып алуға 8 млн. теңге бөлініп отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тұрғындарда заңсыз сақталған қару мен оқ-дәрі және жарылғыш заттарды сатып алуға республикалық бюджеттен 8 млн. 034 мың теңге бөлініп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш шара республика бойынша 10 сәуірден басталмақ. Сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде комиссиялар қару-жарақ заттарының техникалық жай-күйін ескеріп, үш санатқа бөлмек. Мысалы, автоматты ойық ұңғылы қарулар үшін 100 АЕК (1-санаты үшін - 226900 теңге, 2-санаты үшін - 158830 теңге, 3-санаты үшін - 68070 теңге, винтовка, карабиндер үшін 50 АЕК (1-санаты үшін - 113450 теңге, 2-санаты үшін - 79415 теңге, 3-санаты үшін - 34035 теңге), тапанша, револьверлер үшін 40 АЕК (1-санаты үшін - 90760 теңге, 2-санаты үшін - 63532 теңге, 3-санаты үшін - 27228 теңге) көлемінде сыйақы қарастырылған. Осылайша тұрғындар ерікті түрде тапсырған атыс қаруларынан бастап гранат, мина, жарылғыш құрылғылары мен заттары, артиллериялық снарядтар және оқ-дәріге дейін төленеді. Сонымен қатар криминалист-маманның қорытындысы негізінде атыс қаруы, оқ-дәрі немесе жарылғыш зат болып табылмаған, есепте тұрған бұйымдар мен заттарға, қолдан жасалған оқ-дәріге сыйақы берілмейді.  

Еске сала кетейік, мұндай шара бұдан бұрын да жүргізілген болатын.