БҚО-да жалдау ақысын төлемеген кәсіпкерлерден 9,5 млн теңге өндірілді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы он айда 340 мүліктік жалдау шарты жасалып, жалдау ақысынан облыстық бюджетке 217,7 млн теңге түсті.

Фото: Kazinform/ЖИ

БҚО мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Әділжан Ғұбашевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 42,5 пайыз көп.

Әділжан Исатайұлының сөзіне қарағанда, былтыр он айда 379 шарт бойынша 152,8 млн теңге бюджетке аударылған еді.

— Басқарма жалдау шарттарын жасасудан бас тартқан және жалдау ақысын төлемегендерге қатысты тиісті шара қабылдап, сот арқылы 9,5 млн теңге көлеміндегі берешекті өндірді. Атап айтқанда, Орал қаласындағы № 33 орта мектеп бойынша жеке кәсіпкерден 0,3 млн теңге өндірілді. Қазіргі уақытта жалдау ақысы ай сайын төленуде. Сол секілді Теректі ауданында Подстепное № 2 орта мектебі бойынша сот тәртібімен тағы бір жеке кәсіпкер 9,2 млн теңгені төлеуге мәжбүр болды, — деді Ә.Ғұбашев.

Оның айтуынша, сондай-ақ жасалған жалдау шарттарындағы төлемдерді уақтылы төлемеу фактілеріне қатысты да ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 205-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.

Жыл басынан бері аталмыш кодекстің 205-бабын қолдану аясында облыс әкімінің аппаратына тиісті шешімдер қабылдау үшін жолдау мақсатында 122 әкімшілік материалды дайындау және қарау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

Басқарма мәліметіне сәйкес облыста 1221 ұйым болса, соның 882-сі — мемлекеттік және мемлекеттік коммуналдық мекемелер, 339-ы — квазимемлекеттік сектор субъектілері (АҚ, ЖШС, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын, мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорын). 866 ұйым әлеуметтік (білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру), қалған 355-і мұрағат, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану, ішкі және жастар саясаты, ТҮКШ, дін және басқа салаларда жұмыс істейді.

Облыста 2025 жылғы қызметінің қорытындысы бойынша 44 ұйымнан (43-і — мемлекеттік кәсіпорын, біреуі — ЖШС) 142,2 млн теңге таза кіріс бөлігі облыстық бюджетке аударылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да сот арқылы жұмысына қайта орналасқан құтқарушы 2,3 млн теңге өндіргенін жазған едік.