БҚО-да жаңа газды кешенді дайындау қондырғысын іске қосу көзделуде
Компанияның бас директоры Жомарт Даркеевтің айтуынша, №3 газды кешенді дайындау қондырғысы құрылысы бұдан екі жыл бұрын қолға алынған болатын. Биыл жаздан бастап іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіледі. Жаңа қондырғы газ дайындау көлемін жылына 2,5 млрд. текше метрге арттыруға мүмкіндік береді. Сонда жалпы мөлшері 3,7-3,8 млрд. текше метрге жететін болады. Осылайша облыстың газды сырттан әкелуге тәуелділігі едәуір кемитін болады. Жаңа қондырғыдағы негізгі өнім түрі - табиғи газ. Оған қоса мұнай, конденсат, сұйытылған газ өндіріледі. Қазіргі таңда барлық өндірілетін табиғи газ (1,2 млрд. текше метр) еліміздің ішкі нарығына жөнелтіледі. Енді газдың жаңа көлемі мен мұнайдың 15 пайызы келісім-шарт бойынша ішкі нарықта қалатын болады. Конденсат Еуропа елдеріне шығарылады. Өңірде қалатын 2300 тонна сұйытылған газдың 800 тоннасы жеңілдетілген бағамен босатылады.
«Жаңа нысанда жұмыс жасайтын 80 адамды кәсіпорын өзі оқытады. Әлемдегі мұнай нарығындағы жағдайдың тұрақсыз болуына қарамастан, «Жайықмұнай» ЖШС өнім көлемін төмендетпей, қайта өсіруге бағыт ұстап, биылғы жыл міндеттемелерін орындауды жоспарлап отыр», деді Ж.Даркеев.