ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов ауданының орталығы - Переметный кентінде жаңа мешіттің құрылысы басталды.
Бұған дейін мешіт ескі автобекет ғимаратында орын тепкен болатын. Аудан тұрғындарының қалауы бойынша аудан әкімі Кәрім Жақыпов іскер азаматтарды игі іске жұмылдырды. Шараға арнайы келген БҚО орталық мешітінің наиб имамы Марат Асанов аудан жұртшылығын мешіт құрылысының басталуымен құттықтап, бұл қасиетті орын жастардың бойында имандылықты қалыптастырып, туған елге, жерге деген сүйіспеншілікті дамытуға өз үлесін қосарына сенім білдірді.
Мешіт құрылысының мердігері болып жергілікті «Нира» ЖШС танылса, облысқа белгілі «СВ Плюс» ЖШС құрылыс материалдарымен қолдау көрсетпек.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).