ОРАЛ. ҚазАқпарат - 25 наурыз күні Батыс Қазақстан облысында шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына жаңа мүшелер сайланбақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың айтуынша, №10 Борсы сайлау округі бойынша Жәнібек, №11 Макаров сайлау округі бойынша Зеленов, №13 Қарасу сайлау округі бойынша Қазталов, №6 Қызылкөл сайлау округі бойынша Шыңғырлау аудандық мәслихатына сайлау өтеді.
Аталған округтер бойынша 12 кандидат (бір орынға - үш үміткерден) додаға түспекші. Олардың 8-і өзін-өзі ұсынса, төртеуін «Нұр Отан» партиясы бәйгеге қосып отыр. Үміткерлердің 10-ы - ер, екеуі - әйел адамдар. Барлығы да - қазақтар.
Қазіргі кезде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, сайлаушылар тізімі нақтылануда. Сайлау комиссияларына арыз-шағымдар түскен жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).