Құрылыс барысымен кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов танысты. Аталмыш нысанға биыл «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «Сбербанк» АҚ арқылы 1,7 млрд. теңге бөлінген. Бас мердігері «Керуен жолы» ЖШС күні бүгін нысанның іргетасын құюда. Мұнда 250 адам жұмыс жасауда.
Құрылысқа тапсырыс берген «Жайық Агро LTD" ЖШС-ның басшысы Темірғали Ескендіровтің сөзіне қарағанда, жұмыртқалар Голландиядан жеткізіліп, инкубаторда етті (бройлер) балапандар өсіріледі.
Өңір басшысы бұл жоба екі жылдан бері ойластырылғанын айта келіп, құрылысты мерзімінде, биылғы жыл соңында сапалы бітіруді тапсырды.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов сондай-ақ Жаңақала ауданы орталығында бой көтеріп жатқан 16 үй құрылысына аялдап, жергілікті халықпен кездесті. Ауданда шілде айында болған кезінде тұрғындар су мәселесін көтерген болатын. Олардың тілегі ескеріліп, суармалы жайылмалардың ескірген қақпаларын жөндеуге 24 млн. теңге, Қарасу, Төртқұлақ жайылмаларының жобалық құжаттарын жасауға 5 млн. теңге бөлінді. Оған қоса Үкімет басшысының алдына мәселе етіп көтеру нәтижесінде Құлшық құмынан Жаңақалаға жерасты су құбырларын тарту жұмысы қолға алынды. 2015 жылы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, 2016 жылға ЖСҚ жасақтауға 28,766 млн. теңге қаржы бөлініп, конкурсы өткізілді. Конкурс нәтижесінде «СПС» ЖШС-мен 58 490,460 мың теңгеге келісімшарт жасалды. Жобалау жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстары 2 801 млн. теңге қаржыны қажет етеді. Құрылыс жұмыстарын 2017-2018 жылдары жүргізу жоспарлануда. Тартылатын су құбырының ұзындығы - 151 км. Ауданның 8 елді мекені, яғни тұрғындардың 70 пайызы ауыз сумен қамтылатын болады.
Айта кетейік, өңір басшысы бұл нысандарға шалғайдағы Бөкей ордасы ауданына бара жатқан жолда соққан болатын. Әкім енді Бөкей ордасы ауданының тыныс-тіршілігімен танысуда. Бұған дейін Алтай Көлгінов облыс әкімі болып тағайындалғаннан бері басқа он бір ауданның бәріне ат басын тіреген еді.